«Мінезді мешіннің мейірімі де аз емес»

«Мінезді мешіннің мейірімі де аз емес»

– дейді көріпкел Айсұлу Жақанова

Қостанайлық көріпкел, парапсихолог, емші Айсұлу ЖАҚАНОВА ел газеті «Егемен Қазақстанның» тілші қосынына келіп, есік қағып тұрған мешін жылына болжам айтқан еді. Ерекше қасиет қонған жанның тұспалы мен тілегін елге жеткізгенді жөн көрдік.

– Айсұлу Құрмамбекқызы, әр жыл келген сайын бір кеменің үстіндегі жолаушы екенімізді бүкіл жер жүзі сезінетіндей. Жыл қалай болмақ?

– 2016 жыл бүкіл дүниежүзіне қолайлы бола қалады деп айтпаймын. Ал өз еліміз үшін айтсам, әдетте, «мың өліп, мың тірілген» халқымызда «мешін жылы – ауыр жыл» деген түсінік қалыптасқан. Тарихта «тас мешін» деген жұт жыл­дары да болған ғой. Қазір, әрине, уақыттың басқа еке­нін еске­руіміз керек. Мешін­­нің шым­­­шыма мінездері болса да, еліміз үшін жылдан жақсы­лық­тар көріп тұрмын. Қазір дағ­дарыс туралы көп айтылса да, ел эко­номикасының алға бас­қан­дығын байқайтын боламыз. Адамдарда бір серпіліс пайда болады, жұмыс орындары қыс­қарғанымен, ашылатын кәсіпорындар да аз болмайды. 2016 жылы талабы барлар бизнес ашқаны жөн, олар үшін қолайлы жыл. Ал бас қосамын, некеге тұрамын деген жастар, жалпы кісілер үшін аса сәтті болады деп айтпаймын.

Жалпы, еліміз үшін алдағы жылы жамандық көріп тұрған жоқпын. Тек ақпан айында Аста­на – Павлодар тас жолында төтенше жағдай қалыптасады, көп көлік, зардап шеккен адамдар болады. Қаңтарда жаңбыр жауады, көлік апаттары орын алады.

– Мешін жылы егін қалай болады?

– Мол, бітік егін шығады. Өт­кен жылы да егін жақсы шық­қанымен, астықтың сапасы, қа­мырлылығы аса жоғары бол­мағаны белгілі. Келер жылы астықтың көлемі де, сапасы да диқанның ойынан шығар. Қостанай облысы алдағы үш жыл бойы мол астық жинайтынын көріп отырмын.

– Жұртшылық дағдарыс туралы айтқаныңызды білгісі келеді.

– Біздің ел үшін дағдарыс үш жылдай уақытқа созылады, бірақ үш жылдан кейін экономика, басқа салалар өте жақсы дамиды. Мен осы сауалыңызға көріпкелдікпен қатар, парапсихолог маман ретінде бір тілек айтқым келеді. Дағдарыстан адамдар қорықпауы тиіс. Жұмыстан қысқартылған жастарда, жас отбасыларда үрей болмауы тиіс. Қазақ «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демей ме? Уақытқа ілесу керек, еңбек бәрінен де құтқарады.

– Теңгеміздің халі нешік болар екен?

– Теңге 2017 жылы қадамын нықтай бастайды. Теңге бағамы құлдырауының барар жері 380 болады. Сосын тоқтайды. Қазақ­­станның өз банктері жақсы жұ­мыс істейді.

– Айсұлу Құрмамбекқызы, Мешін жылында табиғи апаттар орын алмай ма?

– «Алматыда зілзала болмай ма?» деп сұрағыңыз келді ме? Алматы зілзаладан аман болады. Ал жалпы табиғи апаттарға келсек, көктемде мал шығыны орын алады. Қарағанды облысы төңірегінде қарғын су тағы да жұрттың мазасын алады. Мұндай көріністі Батыс Қазақстаннан да көріп тұрмын. Ақпан биыл қатты аязымен есте қалады, ал қаңтар айында жаңбыр жауатынын айттым. Қарлы жаңбыр.

– Мал шығыны туралы айт­қаныңыз киікті еске салып тұр.

– Мешін жылы киік қырыл­майды. Өтіп бара жатқан жылы киіктің қырылу себебін мен шөп­тен көріп тұрмын. Улы шөп, оған киік­тің бауыры шыдамады. Әлгі шөптің қалай аталатынын біл­меймін, ол шөп табиғи шықп­а­ған, жергілікті шөп емес, сырттан әкелінген, оны сепкен деп білемін.

Сөзімнің соңында Алла қыр­дағы киікті те, қорадағы малды да, оттың басын да, елімізді де аман қылсын деп тілеймін. Жер-ана жемісін берсін, Аспан нұрын төксін, Күннен жылу, Жұлдыздардан бақ-береке, Айдан амандық, тыныштық сұрайық!

Әңгімелескен

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

Оригинал — http://egemen.kz/2016/01/01/15100?lang=kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *